Экономика

Қаңтар айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5,6%-ке өсті

Sputnik
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Жыл басынан бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 5,6%-ті құрады. Бұл туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл қаңтар айында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5,6%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім – 2,3%, ал қызмет көрсету саласында – 7,6%. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалады, бұл ретте сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ құрылыс ең жоғарғы өсуді көрсетті", - деді Жақсықылов үкімет отырысында.
Айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ті құраған.
Алдын ала қорытынды бойынша 2022 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 32,1%-ке өсіп, 134,4 млрд долларға жетті. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 39,9%-ке өсіп, 84,4 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,6%-ке ұлғайып, 26,5 млрд доллар болды.
Тауарлар импорты 50 млрд долларға тең. Жалпы, оң сауда балансы 34,4 млрд долларды құрады.