АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Қазақстандағы барлық мектепте лицензиясы бар күзет болуы керек. Үкімет осындай талап қойып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-премьердің айтуынша, Петропавлдағы 4-орта мектепте бейнебақылау камералары орнатылғанымен, лицензияланған күзеті болмаған.
"Біздің мәлімет бойынша шалғай аудандарда лицензияланған күзет әлі жоқ. Мектептердің 87 процентінде дабыл батырмасы, 70%-тен астамында турникет, сонымен қатар лицензияланған күзеті бар. Десе де лицензияланған күзеті жоқ мектептер де баршылық. Ол жерде мектептің күзетшісі ғана отырады. Бірақ біз лицензияланған күзетпен келісімшартқа отыруды талап етеміз. Бұл үшін мектептер жауапкершілік алуға тиіс", - деді Көлгінов үкімет кулуарында.
Сонымен қатар әкімдіктерге мектептерді бейнебақылаумен қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Әсіресе интернеті бар қалалар мен аудан орталықтарында осы камералар Жедел басқару орталығына қосылуға тиіс. Сондай-ақ мектептердегі турникеттер бойынша да талап қойылды.
"Бірақ біз көріп отырғандай, кейбір өңірлер бұл талапты орындамаған. Сол себепті қазір барлық өңірге мектептерде ревизия жүргізіп, стандартқа сәйкестендіру тапсырылды", - деді вице-премьер.
Ол төтенше жағдай болған Петропавлдағы мектепте арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Олар қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Ал полиция тергеумен айналысуда.
Еске салсақ, 13 ақпан күні таңертең Петропавлдағы 4-орта мектептің оқушысы құрдастарын балтамен жарақаттады. Шабуыл жасаған жасөспірімді жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған.
Қазір зардап шеккен екі бала ауруханада жатыр, жағдайы бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.
Бұл факті бойынша "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті оқушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.