АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Бір жарым айдың ішінде конституциялық сотқа мыңнан астам өтініш түсті. Бірақ басым бөлігі талапқа сай емес, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан соттың Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қазіргі кезде өндіріске 9 өтініш қана қабылданып отыр. Себебі өтініштерді алдын ала тексеру сатысында көптеген қателік анықталды. Осыған байланысты конституциялық сот шағымдарды дайындау сапасын арттыру мақсатында жиі жіберілетін қателіктерді жариялады. Олар:
өтінішті басқа біреудің ЭЦҚ-сымен жіберу;
өтініш берушінің келісімін растайтын құжатсыз заңды өкіл арқылы жолдау;
сотқа жүгіну құқығына ие субъектілердің санатына кірмейтін тұлғалардың (ЗТ, ЖК, ШҚ басшысы және т. б.) арыздануы;
конституциялық соттың құзыретіне қатысы жоқ қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне не құқық қорғау органдары мен басқа да лауазымды адамдардың әрекеттеріне шағымдану;
өтініште құқықтық актілердің Конституцияға сәйкес емес екенін және адамның жеке құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты екенін көрсететін толық дәлелдер мен нақты нормалардың көрсетілмеуі.
Осы қателіктер түзетілгеннен кейін Конституциялық сотқа қайта өтініш жіберуге болады.
Айта кетері, соттың ресми сайтында өтініш жазу үлгісі мен жадынама бар.