ТЖМ-нің жаңа әскери бөлімі құрылады - үкімет қаулы қабылдады

Sputnik
АСТАНА, 13 ақпан - Sputnik. Үкімет "Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы" қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда ТЖМ-нің жаңа әскери бөлімі құрылады.
Ол Ақтөбе қаласында орналасады. Жаңа бөлімнің штаты – 880 адам, деді премьер-министр Әлихан Смайылов.

"Республика бойынша ТЖМ-нің Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында үш әскери бөлімі бар. Батыс аймақта көлемді құтқару құрылымдары жоқ", - делінген ақпаратта.

Бұдан басқа, ТЖМ қызметтерінің штат саны, атап айтқанда, өрт сөндіру бөлімшелері 380 адамға, құтқару станциялары 220 адамға, апаттар медицинасы орталығы 94 адамға, "Қазселденқорғау" мекемесі 39 адамға көбейеді. Жалпы ТЖМ қатары 1 613 адаммен толықты.
"Осы шаралардың барлығы төтенше жағдайлар бойынша жедел әрекет ету деңгейін, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізудің тиімділігін, елдің өрт қауіпсіздігін, шұғыл медициналық көмек көрсетуді, сондай-ақ азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері мен селден қорғау құрылыстарының толыққанды жұмысын қамтамасыз етеді", - деді премьер.
Айтуынша, үкімет осы бағыттағы жұмысын жалғастырады. Жедел қызметтерді материалдық-техникалық жарақтандыру, құтқарушылардың еңбекақысын көтеру жөнінде шаралар одан әрі де қабылданады.
Мұндай шешімге әлемдегі жағдайлар түрткі болған.
"Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкіністері мыңдаған адамның өмірін қиып, көпшілігі зардап шегіп, баспанасыз қалды. Бұл жағдай әр қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Осындай қиын сәтте бауырлас түрік халқына қолұшын созып, аса қауіпті жағдайда жұмыс істеп жүрген қазақстандық құтқарушыларға ризашылығымды білдіргім келеді", - деді Смайылов.
Түркияда тағы бір қазақстандықтың денесі табылды