Петропавлда жасөспірім жарақаттаған екі оқушы жансақтау бөліміне түсті

Sputnik
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Петропавл қаласында мектепке балта алып келген 9-сынып оқушысы екі жасөспірімге ауыр жарақат салды. Олар жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 13 ақпанда таңғы сағат 08:26-да облыстық көпбейінді балалар ауруханасына үш оқушы жедел жәрдеммен жеткізілді.
"Екі баланы шұғыл ауруханаға жатқызды. Оларды дереу ота жасайтын бөлмеге алып кетті. Сол жерде хирургиялық жолмен жарақаттарын өңдеді. Бірқатар диагностикалық шара атқарылды, салалық мамандармен консультациялар ұйымдастырылды. Қазіргі кезде екеуінің жағдай тұрақты, жансақтау бөлімінде жатыр", - дейді дәрігерлер.
Ал үшінші оқушы қатты жарақат алмаған. Оған қабылдау бөлмесінде көмек көрсетілді. Одан кейін жасөспірім үйіне жіберілді.
Айта кетері, бүгін 9-сынып оқушысы мектепке балтамен келіп, үш баланы жарақаттады. Жасөспірімдер басынан және иығынан жарақат алған.
Қазіргі кезде мектепте полицияның тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша мектепке балтамен келген оқушы психиатриялық есепте тұрған. Білім беру мекемесінде мамандандырылған күзет қызметі болмаған.
Жасөспірім ұсталды. Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы оқиғадан кейін еліміздегі барлық мектепте қауіпсіздікті тексеру жұмысы жүргізіледі.
Білім
Петропавлдағы жағдайдан кейін еліміздегі барлық мектеп тексеріледі – министрлік