NORAD өзге ғаламшарлық нысандар туралы мәлімдеме жасады

Sputnik
Ақпанның басында Қытайдың алып аэростатының АҚШ аумағының үстінен ұшуы Пентагон мамандарын бақылауды күшейтуге және Солтүстік Американың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі (NORAD) жабдығын қайта баптауға мәжбүр етті, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Нәтижесінде АҚШ пен Канада аспанында қытай аэростатына мүлдем ұқсамайтын бірнеше белгісіз нысан анықталды. Соңғы үш күннің өзінде АҚШ әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары ұшатын үш құпия аппаратты атып түсірді.
Солтүстік Американың әуе-ғарыш қорғанысы қолбасшылығы (NORAD) мен АҚШ-тың Солтүстік қолбасшылығының (NORTHCOM) басшысы генерал Глен ВанХерк кеше 10-12 ақпанда атып түсірілген нысандардың өлшемі, жылдамдығы ұқсас екенін, салыстырмалы түрде шағын, баяу қозғалатынын айтып, олардың өзге ғаламшарлық ұшу аппараты болуын жоққа шығарған жоқ. ВанХерк әуесқой уфолог емес, оның сөздері үнемі назарға алынады. Хроленко өз материалында осы оқиғалардың хронологиясына назар аударған.
"Солтүстік Америка аумағында бес күндік ұшудан кейін 4 ақпанда F-22 жойғыш ұшағы Оңтүстік Каролина жағалауында 20 километрден астам биіктікте қытайлық бақылау аэростатын атып түсірді. Ұшақ сынықтары АҚШ-тың аумақтық суларына құлады, оларды мамандар зерттеп жатыр. Бейжің "азаматтық" нысанның жойылуына қатты наразы. Вашингтон Қытайдың аппараты 40-тан астам ел мен бес құрлықтың аумағында әрекет ететін барлау флотына тиесілі екенін атап өтті. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Бейжіңге ресми сапарын кейінге қалдырды", - деп жазды сарапшы.
Америкалықтар төмен жылдамдықта ұшатын нысандарды анықтауға басымдық беру үшін NORAD радарларын қайта баптаған кезде Аляска аспанында шағын көліктің өлшеміндей белгісіз ұшатын нысанды байқады. Америкалық F-22 жойғыш ұшағы оны 10 ақпанда 12 километр биіктікте AIM-9X Sidewinder (әуе-әуе) зымыранымен атып түсірді. Теңіз мұзындағы жұмбақ аппараттың қалдықтары зерттеушілер үшін айтарлықтай қызық болып тұр.
Шағын цилиндр түріндегі екінші құпия нысан Канаданың солтүстігінде шамамен 12 километр биіктікте анықталды және Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның шешімімен 11 ақпанда АҚШ әуе күштерінің F-22 жойғыш ұшағы (AIM-9X зымыраны) атып түсірілді.
Айтарлықтай пайдалы жүктемесі жоқ сегізбұрыш түріндегі үшінші жұмбақ ұшатын аппарат 12 ақпанда Гурон көлінің үстінде (Мичиган штаты, АҚШ), 6 километр биіктікте F-16 ұшағымен анықталды және президент Джо Байденнің шешімімен атып түсірілді. Нысан "азаматтық авиацияға қауіп төндірді" деген мәлімдеме жасалды.
Аталған үш эпизодта әскери ұшқыштар жұмбақ аппараттарға жақындап, оларды ұшқышсыз техника ретінде таныды, бірақ Пентагонның осыған қатысты ақпараты өте аз. Америка жұртшылығы алаңдаулы. АҚШ Конгресінде америкалықтар "толығырақ жауап алуға лайық" деген маңызды мәлімдеме жасалды. Сонымен қатар Қытай 12 ақпанда шығыстағы Шаньдун провинциясының аспанынан белгісіз ұшатын нысанды анықтап, оны жоюға дайындалып жатыр.
Солтүстік Американың әуе-ғарыш қорғанысының қолбасшылығы жоғары дайындықта тұр. Бірақ бұл дайындықтың нақты себебі белгісіз. CNN телеарнасы "Пентагон мен Капитолийден тарап жатқан шағын мәліметтер онсыз да күрделі халықаралық ахуалды одан бетер қиындатып жатыр" деп хабарлады. Сенатор Дэн Салливан ұшатын құпия нысандардан келетін "қауіптің" бар екенін түсіну қажет деп айтты.
Америка билігі 2004 және 2021 жылдар аралығында өзге планеталық нысандар туралы 144 хабарламаны ресми түрде тіркеді. Заң шығарушылардың өтініші бойынша 2022 жылдың мамырында Әскери-теңіз барлау қызметінің директоры Скотт Брей мен АҚШ қорғаныс министрінің барлау және қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Рональд Моултри америкалық конгрессмендерге 50 жылда алғаш рет ұшатын және қалқымалы құпия нысандардың суреттері мен видеосын көрсетті.
"Құзырлы мамандар ол құпия нысандарға қатысты бірқатар деректі білгенімен, ол мәліметті әлем назарына ұсынуға құлықсыз. Себебі бұл Қытай мен Ресей сынды әлеуетті қарсылас мемлекеттердің озық технологияларды игеруіне итермелеуі мүмкін. Сондықтан АҚШ Конгресіндегі тыңдалымдар жабық режимде өтті", - деп жазды Хроленко.
Әлемге танымал америкалық астрофизик Митио Каку аспандағы құпия нысандар және конгрессмендердің талқылауларына қатысты пікір білдірді. Ол "бұл белгісіз әуе көліктері бізге белгілі физика заңдарына қайшы келетінін" және "дәлелдердің жоқтығы қауіптің жоқтығының дәлелі емес" екенін айтты.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.