АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Сервис қызметі туралы ақпаратты жасырғаны үшін Яндекс.Такси компаниясына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды, деп хабарлады бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, жүргізушілер мен такси қызметін пайдаланушылардың Яндекс.Таксиге қатысты көптеген шағымынан кейін жоғары баға белгілеу бойынша монополияға қарсы тергеу басталды.
Агенттік мәліметінше, 2022 жылға арналған тауар нарығына талдау жүргізіліп жатыр. Дегенмен Яндекс.Такси қажетті ақпаратты ұсынбай отыр. Бұл агрегатор тарапынан іс жүргізуді қасақана созу әрекетін көрсетеді.
Сонымен бірге монополияға қарсы агенттік Яндекс.Такси 2020-2021 жылдардағы қызмет туралы ақпарат бермей, талдау жүргізуге кедергі келтіргені белгілі болды.
"Яндекс.Таксидің Алматы қаласы нарығындағы үлесі 2020 жылы – 83,78%, 2021 жылы – 84,34%-ті құраған. Елорда бойынша 2020 жылы – 60,7%, 2021 жылы – 67,3%", деп жазылған хабарламада.
"Яндекс.Такси комиссиясы нарықтағы ең жоғары болып табылады және қосымша құн салығын қоса алғанда 17%-тен басталады. Яндекс.Таксиден басқа серіктес такси парктері жүргізушілерден 4% комиссия алады", - деп мәлімдеді агенттіктегілер.
Осылайша Яндекс.Такси қызметі соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп жатқаны және қызмет бағасына айтарлықтай әсер ететіні анықталды. Бұл жағдайлар жалпы такси қызметі құнының өсуіне әкеліп, жүргізушілерге артық жүктеме түсіріп отыр.