Мәжіліс сайлауын қанша шетелдік байқаушы бақылайды

Sputnik
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы тағы 12 шетелдік байқаушыны аккредитациядан өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ОСК мүшесі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 3 ел мен 2 халықаралық ұйымнан 62 байқаушыны аккредитациядан өткізді.
"13 ақпандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына сыртқы істер министрлігінен 3 шет мемлекет пен 2 халықаралық ұйымнан 12 байқаушыны аккредитациядан өткізу ұсынылды", - деді ол Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында.
Атап айтқанда, Корея Республикасынан 1 байқаушы, Қырғызстаннан 1 байқаушы және Таиланд корольдігінен 1 байқаушы, сондай-ақ ТМД байқаушылар миссиясынан 7 байқаушы, ал Сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан 2 байқаушыны тіркеу ұсынылған.
Сондай-ақ бұған дейін мәжіліс сайлауын бақылауға аккредиттелген Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының екі мүшесі сайлауға қатыса алмайтыны туралы нота жіберген.
Осыған байланысты ДИАҚБ миссиясының екі байқаушысының тіркеуі кері қайтарылды.
Еске салсақ, парламент мәжілісі және мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.