Бейбіт митинг кезінде полицейлер не істеуі керек

Қазақстанда ішкі істер министрінің бұйрығымен бейбіт жиналыстар өткізу кезінде полиция қызметкерлерінің нұсқаулығы бекітілді. Онда қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау бойынша қызмет атқару тәртібі көрсетілген
Sputnik
Sputnik Қазақстан нұсқаулықтың негізгі талаптарын ұсынады.

Бейбіт жиналысқа дайындық

Полиция қызметкерлері бейбіт жиналыс өтетін жерге екі сағат бұрын келіп, периметр бойынша тұрады, арнайы құрал-жабдықтарын да алып келеді. Тәртіп сақшыларының саны бейбіт жиналысқа қатысатын адамдардың санына қарай белгіленеді. Бейбіт жиналысқа дейін бірқатар дайындық шаралары атқарылады. Олар:
бейнебақылау және жасанды жарықтандыру жүйелерін тексеру;
кірме жолдардың бар-жоғын анықтау; қатысушыларға қауіп тудыратын бөгде заттарды алып тастау;
киіз үйлерді, шатырларды және өзге де құрылыстарды орнату;
көлік және (немесе) жаяу жүргіншілердің қозғалыс бағытын реттеу;
көлік құралдарының тұрағын және оларға іргелес аумақтарды өзгерту.

Полиция бейбіт жиналысқа араласпайды

Ережеге сәйкес, полиция қызметкерлері бейбіт жиналысты өткізу процесіне араласпайды. Олар іргелес аумақта қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бейбіт жиналыс өткізілетін аудандағы кірме жолдарда жол қозғалысының қауіпсіздігін бақылайды.
Бейбіт жиналысты өткізу орнында алкоголь ішкен немесе уытқұмарлық масаң күйде болған адамдарды кіргізуге тыйым салынған. Полицейлер ұйымдастырушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің белгілерін білуге міндетті. Жиналысты ұйымдастырушы күрең, бір түсті кеудеше немесе киімнің арқасы мен алдыңғы жағына "Ұйымдастырушы" деген белгіні тағып жүруге тиіс. Онымен жауапты жергілікті атқарушы органның өкілі үнемі байланыста болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де кеудеше киіп жүруі керек.
Журналист куәлігі және белгілері бар БАҚ өкілінің заңды қызметіне кедергі жасауға болмайды.

Қауіпсіздікке қатер төнсе, бірқатар шара қолға алынады

Бейбіт жиналысты өткізу кезінде мемлекеттік қауіпсіздікке, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнсе, полиция қызметкерлері бірқатар шараны өткізуге міндетті. Олар:
бірнеше жерден өтпе жол қамтамасыз ету;
арнайы орынды периметр бойынша турникеттермен қоршау;
шерулер мен демонстрациялар бағытындағы іргелес көшелерден және аулалардан кірме жолдарды бұғаттау;
техникалық құралдарды пайдалана отырып, бейбіт жиналысқа қатысушыларда тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру;
шеруге қатысушылардың жүру бағыты бойынша жаяу немесе автомобиль көлігімен ілесіп жүру.

Қоғамдық тәртіп бұзылса, не болады

Бейбіт жиналыс кезінде қоғамдық тәртіп бұзылса, митинг тоқтатылады. Ал полиция келесі шараларды қабылдайды:
қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу;
бейбіт жиналыс өтіп жатқан жерде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
бейбіт жиналыс өткізілетін аумақты бұғаттау;
жиналысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларды қоршап, қауіпсіз жерге ығыстыру;
көлік қозғалысын басқа бағытта ұйымдастыру;
құқықбұзушыларды тікелей жиналыс өткізілетін жерде немесе заңда белгіленген мерзімде ұстау.
Сондай-ақ, полиция жарақат алғандарға көмектесіп, куәгерлерді анықтайды. Жедел тергеу тобы келгенше оқиға орнын күзетеді. Бейбіт жиналыс тоқтатылмаса, мәжбүрлеп тоқтату шаралары қабылданады. Ал қатысушылардың саны артқан кезде қосымша күштер мен құралдар тартылады.

Полиция тағы не істейді

Тәртіп сақшылары жиналыс өткізу процесіне араласпай, қатысушылар арасында құқықбұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Сосын бәрін фото мен видеоға түсіреді. Жиналысқа қатысушылар тарапынан құқықбұзушылықтарға жол бермеу бойынша өзге де шаралар қабылдайды.
"Бейбіт жиналысты өткізу кезінде полиция қызметкерлерінің қызмет атқару белгіленген тәртібі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтарды кез келген қолсұғушылықтан қорғау, сондай-ақ ұйымдастырылмаған бейбіт жиналыс нәтижесінде туындауы мүмкін қоғамдық тәртіпті жаппай бұзудың алдын алу үшін қажет. Бұл азаматтарға бейбіт жиналыстарды өткізуде қатысушылар мен басқа да азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің барынша аз болуына мүмкіндік береді", - делінген құжатта.
Айта кетері, нұсқаулық барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктермен келісілді. Әділет министрлігі осы құжатты тіркеуге алды.