АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысында боранда жолда қалып қойған 68 адам, соның ішінде 9 бала құтқарылды.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, 10-11 ақпанда ауа-райының нашарлауына байланысты (қатты боран, жолдың көрінбеуі) облыстың республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарында қозғалыс жабылған.
Тұрғындарға SMS-хабарламалар мен әлеуметтік желілер арқылы дабылды ескерту жіберілген.
"Алайда жол қызметкерлері мен құтқарушылардың ескертуіне қарамастан, адамдар әлі де алыс жолға шығып, өздеріне және басқа адамдардың өміріне қауіп төндіруде. Мәселен, 11 ақпанда сағат 01.00-ден 06.30-ға дейінгі кезеңде Күйік – Қарабастау – Қаратау және Қаратау – Жаңатас автожолдарының екі учаскесінде ТЖД күшімен қар құрсауында қалған 12 жеңіл автокөліктен 68 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылып, жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді", - деп хабарлайды ТЖД.
Жедел шаралардың арқасында құтқарылғандардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады.
Департамент қызметкерлері қазақстандықтардан қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауды сұрады. Төтенше жағдай болса, дереу "101" және "112" нөмірлеріне хабарласу қажет.