АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 6,2 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғады. Нәтижесінде оларға 948 миллион теңге жалақы қарызы өтелді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 95 кәсіпорында 8,2 мың жұмысшының алдында 1,5 млрд теңгеден астам жалақы бойынша берешегі барын анықтады.
Осы кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 24 нұсқама беріліп, 3,8 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
"Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 6,2 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды. Оларға 948 млн теңге төленді", - дейді еңбек министрлігіндегілер.