Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

"Солтүстік ағын" газ құбырының жарылысына қатысты тың дерек жарияланды

Sputnik
Күні кеше жаһандық ақпараттық кеңістікте бүкіл әлемнің назарын аударып, үлкен дауға айналатын дерек тарады. Белгілі америкалық журналист Сеймур Херш өзінің сайтында ХХІ ғасырдың ең басты геосаяси дауына айналатын тергеуді жариялады, деп жазды РИА Новости.
Херш америкалық арнайы қызметтегі жоғары шенді қызметкерге сілтеме жасап, "Солтүстік ағын – 2" ресейлік-еуропалық магистральді газ құбырындағы теракті дайындау және жүзеге асыруды егжей-тегжейлі жазды. Ұсынылған баяндамадағы әр дерек назар аударуға тұрарлықтай қызықты.
"Мысалы, АҚШ Мемлекеттік департаменті Пентагон әскерилерімен және Орталық барлау қызметі агенттерімен бірге газ құбырын жаруды 2021 жылы, яғни арнайы әскери операция басталғанға дейін көп уақыт бұрын жоспарлаған. Алайда бұл уақыт аралығы да кездейсоқ емес. 2021 жылы газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқталып, іске қосу жұмыстары басталды, яғни газ айдауды бастауға өте аз уақыт қалды. Сол кезде Вашингтон Германия мен бірқатар еуропалық ел Мәскеумен қарым-қатынасын үзу талаптарын орындамай, ресейлік газды сатып алуды ұлғайтуды көздеп отырғанын түсінді", - деп жазылған материалда.
Үкімет атынан бұл операцияға мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен мен оның орынбасары Виктория Нуланд жетекшілік еткен. Ал тәжірибелік әзірлемесі Орталық барлау қызметірнің басшысы Билл Бернске жүктелді.
Херш жазғандай, бастапқыда жоспар тек саяси сипатта болған. Әскери-әуе күштері өкілдері тереңдікте қолданылатын оқ-дәрімен бомбадан соққы жасауды ұсынды, флот қолбасшылығы газ құбырын сүңгуір қайықтан жіберілген торпеда көмегімен жарғысы келген. Бұл екі нұсқадан да бас тартты. Себебі ресейлік бақылау құралдары соққы жасаушы ұшақ пен торпеда шуын бірден анықтап алар еді.
РИА Новости жазғандай, сондықтан газ құбырын қашықтан жару жабдығы бар минамен жару туралы шешім қабылданды. Ол үшін НАТО-ның жоспарланған BALTOPS 22 оқу-жаттығулары кезінде зарядты орнатқан әскери жүзушілер тобы тартылды. Өздерін сақтандыру және күдік тудырмас үшін жару операциясы норвегиялық тарапқа тапсырылды. Сол себепті барлық әскери кеме мен ұшақ оқу-жаттығу аймағынан шыққаннна кейін тек бірнеше күн өткенде Балтық суларында үш жарылыс болды.
Зерттеу материалында жазылған екі мәселе назар аударуға тұрарлықтай. Біріншіден, операция туралы АҚШ президенті хабардар болды. 7 ақпанда, яғни арнайы әскери операция басталғанға дейін екі апта бұрын Байден егер ресейлік армия Украина шекарасынан өтсе, "Солтүстік ағын – 2" газ құбыры қиратылатынын ашық айтты. Ал одан біраз бұрын 28 қаңтарда Виктория Нуланд газ құбыры ешқашан іске қосылмайтынын мәлімдеді.
Екіншіден, жоспарланған жарылыс туралы құпия арналар арқылы мүдделі мемлекеттердің көшбасшыларына хабар берілді. Оның ішінде неміс канцлері Олаф Шольц бар. 22 қыркүйекте "Солтүстік ағын – 2" жарылып, 3 қазанда мемлекеттік хатшы Блинкен "Еуропаның арзан ресейлік газға тәуелділіктен айырылуына ықпал ететін осы оқиғаға" қуанышын білдірді.
"Енді Батыста Сеймур Херштің жазғандарын жоққа шығару бойынша ауқымды науқан басталатыны анық. Бірақ бұл мақала авторы жай журналист емес. Ол – батыс журналистикасының үлгі аларлық тұлғасы, оның жұмыстарын еркін және тәуелсіз журналистика үлгісі ретінде университеттерде оқиды, материалдары мыңдаған тиражбен шығарылады. Дәл осы Херш 1970 жылы Вьетнамдағы Сонгми ауылындағы қатыгез қылмысты қоғам назарына ұсынған болатын", - деп жазды мақала авторы.
Тарихи дерекке сүйенсек, бір жыл бұрын, яғни 1969 жылы америкалық әскерилер аталған ауылда 504 бейбіт тұрғынға, оның ішінде 210 балаға зорлық көрсетіп, оларды атып тастаған. Тергеу барысында ауылда әскерилер де, қару-жарақ тал болмағанын, америкалық жауынгерлер адамзатқа қатысты қатыгездік актісін орындағанын көрсетті. Осы жұмысы үшін Херш Пулитцер сыйлығын алды.
Херштің материалдарын жоққа шығару қиын болуына оның журналистика саласындағы басты марапатқа қоса, үздік журналистерге берілетін Джордж Полк сыйлығымен төрт рет, адам құқықтары саласы Летельер-Моффитт сыйлығымен және Сэм Адамс сыйлығымен марапатталуы ықпал етеді. Сэм Адамс сыйлығы тек адалдық ұстанымына берік арнайы қызмет өкілдеріне ғана беріледі. Мысалы оны кезінде Эдвард Сноуден де алған. Сондықтан Сеймур Херш жай журналист емес, ол арнайы қызмет саласымен қарым-қатынасын жоққа шығару мүмкін емес тұлға.