Алматыда хайуанаттар бағындағы аң-құсқа неге үйден тамақ апаруға болмайды - фото
Қазақстанда үш хайуанаттар бағы бар. Ең үлкені 1937 жылы 7 қарашада Алматыда құрылған. Биыл бұл мекемеге 86 жыл толып отыр. Бір ғасырға жуық тарихы бар хайуанаттар мекенінің қазіргі тіршілігі туралы Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты
SputnikАлматыдағы хайуанаттар бағына 1937 жылы КСРО хайуанаттар бағынан 60-қа жуық аң түрі әкелінген. 86 жыл бойы бірде-бір рет тоқырауға ұшырамай, тіпті соғыс жылдарында да тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған бұл мекемеде қазіргі күні 400 түрлі 4000-нан астам жануар тіршілік етеді.
"Хайуанаттар бағы деп екі ауыз сөзге сыйғызғанмен, бұл бақтың саласы өте көп. Бақта 7 көрілім бөлімі жұмыс істейді. Аквариум бөлімі, жыртқыш құстар бөлімі, экзотикалық құстар бөлімі, жұп тұяқтылар бөлімі, сүтқоректілер бөлімі, таңсық жануарлар бөлімі, виварий бөлімі, приматтар бөлімі. Жануарларға қызмет көрсететін басқа да бөлімдер бар. Әр бөлімнің атқаратын жұмысы сан алуан", - дейді Алматы хайуанаттар бағының экскурсоводы Ұлжанар Әділаева.
1 / 7
Әр аңның мінезін, тамағын, тұратын вольерлерін қадағалайтын бірнеше маман бар. Берілетін тамақтың да талабы күшті. Бұл жерде тұрғындар сырттан алып келген кез-келген азықпен қоректендіре бермейді. Күніне берілетін тағамның мөлшері, дәрумені әлемдік хайуанаттар ұйымының нақты стандартымен белгіленген
2 / 7
"Ойдан ала салып, кез келген затпен қоректендіруге болмайды. Турап, ерітіп немесе езіп беретін азықтар бар. Бізге тұрғындар хабарласып: "Ет алып келсек хайуанаттарға берсеңіздер" немесе "көкөніс немесе жеміс әкеп берсек, соны аңдарға берсеңіздер" дейді. Біз олай істей алмаймыз. Өйткені аңдар жабайы табиғатта өмір сүріп жатқан жоқ. Халық соны дұрыс түсінсе деп ойлаймыз", - дейді Ұлжанар Әділаева
3 / 7
Зообақта бір ғана еттің өзі зертханада тексеріліп барып аңға беріледі. Ет болсын, арпа, жем, жеміс-жидек болсын, жоғарғы санатты зерттеуден өткізіледі. Зообақтың мақсаты – аңдарға сапалы тағам беріп, денсаулығын қалыпты етіп ұстау. Хайуанаттар бағында дүниеге келіп, қолдан тамақ жеп өскен аңдар жабайы табиғатта өмір сүруге дәрменсіз болады
4 / 7
Жыл сайын хайуанаттар бағында 100-ге жуық төл алынады. Мамандар бұл туралы ашық айта бермейді, өйткені "көз тиеді" деген ырымға қатты сенеді. Олардың айтуынша, кез келген төл аяғынан тік тұрып кетпейінше, мұндай ақпаратты қалың бұқараға ешқашан жария етпейді
5 / 7
"Барлық аңның төлін көрсете бермейміз. Өйткені көз тиеді", - дейді экскурсовод
6 / 7
Ал жылы жақта өмір сүретін жануарлар үшін арнайы ауысым уақыты бар. Олар қыстық вольерлерге ауыстырылады. Бірақ келушілер үшін аңдарды көруге еш кедергі жоқ
7 / 7
Әлемдік зообақ ұйымының негізгі мақсаты - жойылып бара жатқан аңдардың гендік тұқымын аман алып қалу. Экзотариум бөлімі әр аптаның сейсенбі күндері санитарлық күнге жабылады. Мұнда киперлердің еңбегі зор, өйткені крокодил, жылан, бүйілердің орнын тазалау оңай шаруа емес. Бір жыртқыш аңды күнделікті тамақтандыру үшін үш кипер жұмыс істейді. Бірі аңды үркітіп тұрады, бірі тамағын салады, бірі қорғаныс қызметін атқарады
Соның бірі - Пржевальский жылқысы, жабайы табиғатта жойылып кеткен аңдардың қатарында. Аңдардың бұл түрі қазір қорықтарда және зообақтарда сақталған. Сондай-ақ хайуанаттар бағына әкелінген кез келген аң халықтың назарына ұсынылмайды. Өйткені оның Қазақстан табиғатына үйренуіне уақыт керек.
Хайуанат жерсініп, осы климатқа толықтай үйренбейінше келушілер назарына шығарылмайды. Тағы бір айта кететін жайт, ешбір аң жабайы табиғаттан алынбайды.
1 / 3
"Басқа мемлекеттерден аңдарды әкелетін кезде оның тұратын жері, жейтін азығы, қандай тамақпен қоректенетіні, қандай жағдайда өмір сүретіні, бұның бәрі туралы ақпарат береміз. Ол аңды әкелу үшін ғылыми зерттеу бөлімі жұмыс істейді. Оның тұратын орнын жасайтын құрылысшылар болады. Құжаттарын дайындап, әкелінетін аң 100 пайыз өмір сүретініне көз жеткізгенде ғана ала аламыз. Оған көптеген құжат пен бірнеше ай уақыт кетеді. Біз өзіміздің ол аңға жақсы жағдай жасай алатынымызды дәлелдегенде ғана жүзеге асады", - дейді Ұлжанар Әділаева
2 / 3
"Киперлерге үйреніп алған аңдар көп. Тіпті еркелейді. Мысалға пілді алайық. Жабайы табиғатта олар тасты, қатты жерлерде көп жүреді. Сол себепті тырнақтары өспейді. Ал біздің зообақтағы Азия пілдерінің әлбетте тырнақтары өседі. Өйткені олар жұмсақ жерде тұрады. Оларға маникюр жасаймыз. Сонда еш қарсылықсыз аяғын тосып тұрады. Рахмет айт десеңіз, басын изеп, тұмсығын көтереді", - дейді Жанар Әділаева
3 / 3
Ал шимпанзелердің күші адамдардан 2-3 есе артық екен.
"Приматтар бөлімінің меңгерушісі Шолпан Әбдібекқызы мен маймылдардың арасындағы сыйластық пен махаббат ерекше. Олар бір-бірін сондай жақсы көреді. Өйткені, аңды түсініп, мейірімділік танытса, олар да солай істейді", - дейді мамандар
Қауіпті аңдардың қатарына жатқанмен, мейірімділік бегемоттар да бар.
"Олардың жанарлары тұнық. "Көңіл күйің жоқ па, не болды, кім ренжітті" деп сұрасаңыз, кәдімгідей еркелеп, қасыңа жақындап, басын үйкейді. Бірақ бұлар жыртқыш аң, мейірімді екен деп еркінсуге де болмайды. Өйткені олар не ойлап тұрғанын білмейміз. Еркелету керек, ренжітпеу керек, бірақ сақ болу керек", - дейді маман.
Ақ аюдың жабайы табиғатта өмір сүру ұзақтығы - 25 жыл. Ал Алматы зообағындағы ақ аю 30 жылдан астам өмір сүріпті. Қазіргі күні сол ақ аюдың вольері бос тұр. Мамандар өзге елдерден ақ аю әкелуді жоспарлап жатыр. Сондай-ақ, шимпанзенің аналығын әкелу де жоспарланған.
"Өзім 6 жылда талай қызық оқиғаларды көрдім. Мысалға күндіз ұйықтайтын аңдар түн ішінде тынымсыз болады. Өте бір тылсым әлем. Ветеринар – маман болсам да, алғаш келгенде аңдармен қалай жұмыс істеймін деп уайымдаған кезім болды. Сол алғаш келгенде таңғалғаным керік тәулігіне жарты сағат қана ұйықтайды екен. Қалған уақытта үнемі қозғалыста болады", - дейді Ұлжанар Әділаева.
Хайуанаттар бағында кейбір жыртқыш балықтар мен қарапайым балықтар кейде бір аквариумда тату-тәтті өмір сүреді.
"Балықтар үйір-үйір болып жүреді. Барлық балықты бірге ұстауға болмайды, әрине. Жыртқыш балықтар мен қарапайым балықтардың дене пішіні бірдей болып жатса және қорғана алса, бірге ұстаймыз. Санаулы түрін ғана бірге ұстай аламыз", - дейді аквариум бөлімінің менгерушісі Олжас Жағалбаев.
Хайуанаттар бағында зоомектеп жұмыс істейді. Кішкентай келушілер үшін арнайы сабақ өткізіледі. Мектептің мақсаты – жас ұрпақты жануарлар әлемі туралы білім беріп, олардың табиғат әлеміне деген сүйіспеншілігін ояту.
Зообақ мамандарын қынжылтатыны – жазғы зообақ маусымы кезіндегі келушілердің тәртібі. Хайуанаттарды тамақтандыруға болмайды, әйнектерді қақпау керек, және ұялы телефон жарығын қосып, фотоға түсірмеу керек. Өйткені бей-берекет шашылған тамақ пен ұялы телефон жарқылы аңдарды күйзеліске түсіретін көрінеді.
Күні бойы көп адам қадалып қараған соң, аңдар тіпті ауырып, ұяларынан шықпай қалатын көрінеді.