АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Еліміздің оннан астам өңірінде су тасқыны қаупі жоғары. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, ақпан және наурыз айларында температураның күрт көтерілуі және қатты жаңбыр болған жағдайда еріген қардан су тасқыны пайда болуы мүмкін.
"Қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, топырақтың қату тереңдігін қарастыра отырып, су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын ала баға берілді. Жоғары қауіпті аймақтарға Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары кірді", - деді Азидуллин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қаупі орташа өңірлер: Павлодар, Ұлытау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары.
"Қазгидромет" РМК су тасқыны кезеңіне алдын ала болжамды 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 4 ақпанда шығарды және барлық мемлекеттік органға жолдады.
"Одан әрі су тасқыны кезеңіне негізгі болжамды 5 наурызға дейін ұсынады. Наурыз айынан бастап гидрологиялық болжам апта сайын ұсынылады. Сонымен қатар гидрометеожағдай күрт өзгерсе, су тасқыны қаупі туындайтыны жайлы дабылды ескертулер 2-3 тәулік бұрын жіберіледі", - деді вице-министр.