Түркияға бір миллион доллар бөлінді – үкімет қаулы қабылдады

Sputnik
АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркияға гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлу туралы үкімет қаулысы қабылданды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлінді. Қазақстан үкіметі тиісті қаулыны қабылдады", - деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Қаржы Қазақстан және басқа мемлекеттердің аумағында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген үкіметтің төтенше резервінен алынады. Қаржы министрлігі бір миллион АҚШ долларын сыртқы істер министрлігіне аударады.
Ал сыртқы саяси ведомство заңнамада белгіленген тәртіппен аталған қаражатты түрік тарапының арнайы шотына аударуға тиіс.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Түркияда жер сілкінісінен кейін жоғалған Қазақстан азаматы үйінді астынан табылды