АСТАНА, 8 ақпан - Sputnik. "Тальго" жолаушылар пойыздарын бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитеті.
Наурыз айынан жолаушылар пойыздарына тексеру жұмыстары басталады. Ол жылжымалы құрам жасақталатын пунктерде жүзеге асырылады.
Соңғы 3 жылда Patentes Talgo S.L. компаниясының жүрдек пойыздарында техникалық вагондар 3 рет өртенген. Оған себеп - жылжымалы құрам иелерінің өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтамауы.
"Былтыр индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің аумақтық бөлімшелері өрт қауіпсіздігінің талаптарын бұзған 100-ден астам фактіні анықтаған. 2 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, өндірілген", - деп мәлімдеді министрлік.
Көліктік бақылау органдары "Аршалы – Анар" учаскесінде Петропавл – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының техникалық вагонындағы өрттің шығуына байланысты Patentes Talgo S.L. жолаушылар пойыздарына профилактикалық бақылау жұмыстарын күшейтуді ұйғарды. Тексеру нәтижесі жарияланады.
Ақауы бар вагондар рейске шығарылмайды. Теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау саласында қандай да бір өрескел кемшіліктер байқалса, министрліктің көлік комитетіне қарасты орталықтың +77080880800 немесе 98-35-35 нөмірі бойынша сенім телефонына хабарласып, тиісті ақпаратты жеткізуге болады.