АСТАНА, 8 ақпан — Sputnik. Қазақстан азаматы Мирус Құрмашев жоғалған Хатай провинциясында жер сілкінісі қатты болды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Уфук Экиджи айтты.
"Хатайда жер сілкінісі өте қатты болды. Көптеген ғимарат қирады. Алдымен 7,7 балдық жер сілкінісі тіркелді, ертесінде тағы сілкінді. Сонда бірінші күні құлмаған ғимараттар қирап қалды. Зілзаладан қатты зардап шеккен провинция, осы – Хатай", - деді Экиджи.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Хатай және тағы басқа провинцияларға шетел азаматтарына кіруге тыйым салынды. Барлық жерде төтенше жағдай жарияланды.
"Іздестірушілерді ғана өткізіп жатыр. Басқаларды ол жерге кіргізбейді", - деп атап өтті Экиджи.
Айта кетері, бұған дейін сыртқы істер министрлігі Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашевтың Хатайдағы жер сілкінісінен кейін жоғалғанын растады. Оның ағасы, достары мен қазақстандық еріктілер Түркияға ұшып кетті. Ал бейресми мәліметке сәйкес, Хатайда тағы екі қазақстандық жоғалды. Бұдан бөлек, Адана қаласында жүрген бір Қазақстан азаматы байланысқа шықпай қойған.