Екібастұзда жылу мәселесі әлі толық шешілген жоқ

Павлодар энергетиктері көңіл көншітпейтін болжам айтты
Sputnik
ПАВЛОДАР, 8 ақпан – Sputnik. "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Вадим Лесиннің айтуынша, Екібастұзда жылумен жабдықтауды қалыпты деңгейге келтіру мүмкін емес.
"Қазір біздің станцияда 4 қазандық агрегаты бар – екі энергетикалық және екі су жылыту қазандығы. Таңертең бес қазандық қондырғысы жұмыс істей бастады, ал біреуі температуралық кестеге дайындалды. Бірақ қазандық жабдықтарының, ең алдымен, су жылытатын қазандық агрегаттарының жағдайына байланысты біз тиісті параметрлерді қамтамасыз ете алмаймыз", - деді Лесин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол мұндай келеңсіз жағдай Екібастұзда жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасатынын айтты. Бұған Екібастұзда қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында болған төтенше жағдай себеп болған. Жылу магистральдарындағы кір қазандық қондырғыларына түсіп, салдарынан құбырлар зақымданған.
Осыған байланысты қазандықтарды жөндеуге тоқтату керек.
Станцияның жұмыс режимін тұрақтандыру үшін мамандар қаңтар бойы айналысқан, бірақ температура кестесін алты күн ғана тұрақты ұстап тұра алған.
"Сондықтан қазір жылудың қалыпты әрі тұрақты болуы туралы айту артық. Ең бастысы қалада нормаланған жылуды барынша ұстап тұру керек", - деп қорытындылады Лесин.
Станция қызметкерлері де, жөндеу бригадалары да тәулік бойы қолдан келгенді жасап жатыр. Станцияда 120-130 адам жұмыс істейді.
Қазір ЖЭО-да тек төрт қазандық жұмыс істейді, қалған алтауы жөндеуде тұр. Қазандықтардың шығу температурасы - 60 градус, кері – 44 градус.
Ал осыдан бір күн бұрын облыс әкімдігі Екібастұз ЖЭО-да жұмыс істейтін қазандықтардың саны үштен алтыға дейін артатынын мәлімдеді.