АСТАНА, 7 ақпан — Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияға көмек жіберу үшін қайда хабарласу керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Түркия мен Сириядағы зілзаладан кейін мыңдаған адам қайтыс болды. Кешеден бері қазақстандықтар көмек пен ақша жіберу жолдарын іздеп жүр.
"Қазіргі кезде бізге Қазақстан азаматтары хабарласып жатыр. Барлығы гуманитарлық көмек немесе ақша жібергісі келеді. Оларға Түркия елшілігіне хабарласу керек деп ойлаймын. Дәл сол мекеме бәрін жылдам реттеп, қаржыны түрік халқына аудара алады", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Айта кетері, осы уақытқа дейін Түркияда зардап шеккен немесе қайтыс болғандардың арасында Қазақстан азаматы тіркелген жоқ. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Түркияға қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшып барды.