АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті аймақтағы Сауран аудандық полиция бөлімі басшысының бұрынғы орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
"Ол кінәлілерді жауапқа тартуға және келтірілген шығынды өтеуге көмектескені үшін алаяқтық жолмен 1 миллион теңге көлемінде ақша алды деген күдікке ілінді", - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Ведомство ақпараты бойынша күдікті кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды өтеуіне байланысты тергеу соты оған қатысты үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасын қолданды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.