Ресей Сирия мен Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға қалай көмектесіп жатыр

Sputnik
Сирия мен Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Ресей қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметкерлері зардап шеккендерді құтқаруға, үйінділерді тазалауға және табиғат апаты салдарын жоюға кірісті, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
6 ақпанда Сирия мен Түркияда болған соңғы 100 жылдағы ең жойқын жер сілкінісінің магнитудасы 7,7-ге дейін жеткен. Табиғат апаты 5 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Бұл ақырғы дерек емес, себебі үйінді астында әлі мыңдаған адам бар.
Табиғи апаттан кейін бірден Ресей президенті Владимир Путин Сирия мен Түркия басшылары Башар Асад пен Режеп Тайып Ердоғанға жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесуді ұсынды. Көмек ризашылықпен қабылданды - Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері, 100-ден астам мамандар және Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің аэромобильдік госпиталі табиғи апат аймағында жұмысқа кірісті.
"Табиғи апаттан кейін бірден Ресей президенті Владимир Путин Сирия мен Түркия басшылары Башар Асад пен Режеп Тайип Эрдоғанға жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесуді ұсынды. Аталған ел көмекті қабылдаған соң, Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері, төтенше жағдайлар министрлігінің 100-ден астам маманы және аэромобильдік госпиталі табиғи апат аймағында жұмысқа кірісті", - деп жазды Хроленко.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Сирия Араб Республикасының зардап шеккен халқына ресейлік әскер тобының көмегімен жедел жәрдем көрсетуді тапсырды. Хмеймим авиабазасында іс-қимылдарды үйлестіру үшін бірлескен жедел штаб, мобильді медициналық топ және донорлық қан алу бойынша төрт пункт орналастырылды.
Үйінділерді тазарту және медициналық көмек көрсету үшін 10 біріктірілген жасақ құралып, жұмыстарға 300-ден астам әскери қызметші мен 60 әскери және арнайы техника жұмылдырылды. Біріктірілген жасақтар бірден бірнеше елді мекенде қирандыларды тазартып жатыр. Әр аумақта арнайы медициналық жасақ бригадаларының кезекшілігі ұйымдастырылған. Сонымен қатар Алеппо, Хама, Латакия, Джебле, Стаму және Бустан Эль-Баш қалаларында зардап шеккендерге гуманитарлық көмек (азық-түлік) беретін алты пункт бар.
Жер сілкінісі Хмеймим авиабазасына Тартустағы әскери-теңіз күштерінің материалдық-техникалық қамсыздандыру пунктіне (МТҚП) және Сириядағы ресейлік әскер (күштер) тобының басқа да нысандарына әсер еткен жоқ. Кезекшілік штаттық режимде орындалып жатыр. Ресей Федерациясының Сирия жеріндегі құтқару және гуманитарлық миссиясы 49 жылға жалға алынған Хмеймим және Тартус әскери базаларының дамыған инфрақұрылымына сүйенеді.
Әскери сарапшының пікірінше, Ресейдің табиғи апаттан кейінгі жедел және тиімді әрекеттері Украинадағы әскери іс-қимыл салдарынан Мәскеудің күштері мен құралдарының шамадан тыс жүктемесі және азып-тозғаны туралы Батыста тараған жалған ақпаратты сенімді түрде жоққа шығарады.
Түркияның оңтүстік-шығысында бір тәулікте 7,7-ден 5,3-ке дейінгі үш жерасты дүмпуі болып, ондаған провинцияда 13,5 миллионға жуық адам зардап шекті, 5 775 ғимарат толығымен қирады. Жер сілкінісі магнитудасы 7,9 балға жеткен, ал қаза тапқандар саны 33 мыңнан асқан 1939 жылғы табиғат апатынан кейінгі ең ірі жер сілкінісі деп аталды.
Үйінділерді тазалауға 16 мың адам жұмылдырылған. 7 ақпан күні таңертең үйінді астынан 7 800 адамды аман алып шықты. Табиғи апаттан зардап шеккен 338 мыңнан астам адам үйсіз қалып, олар уақытша баспаналарға, жатақханаларға және университеттерге орналастырылды. Түркия билігі "төртінші деңгейдегі дабыл" жариялады, яғни бұл жағдай белсенді халықаралық көмекті қажет етеді. Еуроодақ, Ұлыбритания және АҚШ мүмкіндігінше көмек көрсетуге уәде етті.
Жойқын жер сілкінісі Сирия, Ливан, Израиль, Ирак, Грузия және Кипрде де сезілді. 45-ке жуық мемлекет Түркияға көмек көрсетуді ұсынды, ал Латакия, Хама, Алеппо және Тартус провинциялары қатты зардап шеккен Сирияға санаулы ел ғана көмектесуге уәде берді.
Washington Post басылымы "азаматтық соғысқа байланысты Башар Асад үкіметімен дипломатиялық шиеленіс" Сирияға сырттан көмек көрсетуді қиындатып жатқанын жазды. Ресейлік құтқарушылардың апат аймағындағы іс-әрекетін Батыстағы БАҚ жазбайтыны белгілі. Бірақ америкалық Newsweek журналы былай деп жазды: "Ресей, Иран және араб мемлекеттері жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға көмектесіп жатқанда АҚШ Асадпен келіссөз жүргізбеуге уәде береді".
Еске салсақ, Вашингтон Дамаскпен қарым-қатынасын үзіп, тек Сирияның солтүстік-шығысындағы "автономиялық үкімет" деген атпен белгілі күрділердің "Сирия демократиялық күштері" тобымен ғана өзара әрекеттеседі.
Ресейдің өтініші бойынша Израильдің "өзіне дұшпан көретін" Сирияға көмек көрсетуге дайын екені белгілі болды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху жедел медициналық көмек алу үшін елдің солтүстігіндегі Израиль ауруханаларында ем қабылдауды ұсынды.
Жойқын жер сілкінісінің салдарын ауа райының күрт салқындауы және боран қиындатып тұр. Мәскеу мемлекеттік университетінің физика факультетінің мамандары тектоникалық плиталардың жанасу аймағында афтершоктар алты айдан астам уақытқа созылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ресей өз тарапынан апаттан зардап шеккендерді құтқару, қирандыларды жою бойынша қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.