АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Үкімет отырысында министрлер мен әкімдерге қабырғасы үгітіліп жатқан үйлер мен сапасыз жолдардың суреті көрсетілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Отырыста тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды.
Министрдің баяндамасынан кейін үкімет басшысы сөз алды. Ал экранда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің суреті көрсетілді.
"Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлердің мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Мемлекет тұрғын үй құрылысына үлкен қаржы бөліп отыр. Соған қарамастан, оның сапасына қатысты шағым өте көп. Аулалардың фотосын көріңіздер. Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айпай-ақ қояйын, бірақ барлық жерде осындай көрініс. Оны өздеріңіз білесіздер. Балалардың ойын алаңына қараңыздар, жолдардың жағдайы қандай. Бұл не? Қалыпты нормаға айналған ба?", - деді Смайылов.
Премьер-министр бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасауды тапсырды. Әкімдіктер шұғыл түрде барлық кемшілікті жоюы керек.