АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Қазақстанда таксистер мен курьерлер үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұл шара онлайн платформалар ұсынатын қызметтердің бағасына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік кодекс аясында онлайн платформалардың (Яндек.Такси, Glovo, Wolt және тағы басқа) көмегімен жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенті рөлінде онлайн платформа операторлары айқындалады, олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді.
Сенат кулуарында журналистер Тамара Дүйсеновадан арнайы салық режимінің енгізілуі такси қызметінің қымбаттауына әкелмей ме деп сұрады.
"Қолданушылар үшін тариф өспейді. Осы аптада мен таксистер қауымдастығымен тағы бір мәрте кездесемін деп отырмын. Бүгінде жүргізушілер таксопарктерге немесе операторларға белгілі бір комиссия төлейді. Осы комиссияда бюджетке аударылуға тиіс төлемдер және әлеуметтік аударымдар көзделген. Сондықтан ешқандай қосымша қаржылық жүктеме түспейді. Бәрі қазіргі комиссиялық төлемдерден аударылады", - деп түсіндірді Дүйсенова.
Ол бүгінгі таңда онлайн платформалармен мұндай уағдаластық бар екенін атап өтті. Мәселен, министрдің айтуынша, Яндекс.Такси платформасы мұны қолдаған.
Сондай-ақ Дүйсенова жүргізушілерге тіркелу үшін ешқандай қосымша құжат қажет емес екенін мәлімдеді. Өйткені олар осы онлайн платформамен жария шарт жасасқан.