АЛМАТЫ, 7 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысында шенеунік 1,2 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"№4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту кезінде мүгедектерден мүгедектік мерзімін белгілеу және ұзарту үшін бірнеше рет жалпы сомасы 1 200 000 теңге пара алды деген күдікке ілінді. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - деп хабарлады ведомство.
Тергеу соты күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Тергеу жалғасып жатыр.