АЛМАТЫ, 7 ақпан – Sputnik. Алматыда әкімдік қызметкерлерінің атын жамылып, тұрғындарға қоңырау шалатын алаяқтар көбейіп кеткен. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми парақшасында жарияланды.
Қаскөйлер несиені мерзімінен бұрын өтесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беріледі деп тұрғындарды алдаумен айналысады.
"Егер азамат Алматы қаласы әкімдігінің тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрса, онда жалға берілетін тұрғын үй тек кезек тәртібімен беріледі. Несие тарихы және несие мен қарызы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға әсер етпейді. Тұрғын үй басқармасының мамандары ерекше жағдайда ғана қоңырау шалады", - дейді әкімдік мамандары.
Баспанаға кезекте тұрған азаматтар басқармаға қажетті құжаттарды ұсыну және пәтерді жалдау мен сатып алу-сату шарттарына қол қою үшін шақырылады. Бұны заңды түрде жүзеге асыратын мекенжай: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 85.
Әкімдікте кезекте тұрған азаматтар кезегін www.kezekte.kz ("ЖСН бойынша кезектегі нөмірді тексеру" сілтемесі арқылы) немесе басқарманың 225-14-37, 225-14-52, 225-14-57 телефон нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы бақылай алады.
Бейтаныс және алаяқтардан қоңырау түскен жағдайда, телефон нөмірін, қоңырау шалушының аты-жөнін тез арада жазып, полицияға жүгіну қажет, деп хабарлайды әкімдік.