ЖСДП Орталық сайлау комиссиясына партиялық тізімді тапсырды

Sputnik
АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) парламент мәжілісі сайлауына қатысу үшін партиялық тізімін ұсынып, тиісті құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына тапсырыды. Бұл туралы саяси ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
"ЖСДП Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысу үшін жалпыұлттық округ бойынша партиялық тізімін ұсынды. Тиісті құжаттар Орталық сайлау комиссиясына тапсырылды", - делінген хабарламада.
2 ақпанда партияның ⅩⅩ кезектен тыс съезі барысында партиялық тізім бойынша ұсынылған мәжіліс депутаттығына әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар өкілдерінің квотасы сақталып, 19 кандидат бекітілді.
Парламенттің төменгі палатасы мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау 19 наурызда өтеді.
Оған Қазақстанда тіркелген барлық саяси партия – Қазақстан халық партиясы, "Ақ жол" демократиялық партиясы, "Байтақ" жасылдар партиясы, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Respublika партиясы және биліктегі Amanat партиясы қатысады.