АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Астана уақытымен сағат 15.00-дегі жағдай бойынша Түркиядағы елшіліктің мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтардан көмек көрсету туралы өтініш түскен жоқ. Қазір консул Түркияның төтенше жағжайлар басқармасымен тікелей байланыста. Жер сілкінісінен қаза тапқандар мен зардап шеккендер тізімінде қазақстандықтар жоқ", - деп мәлімдеді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Айтуынша, дүлей зілзала салдарынан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салсақ, дүйсенбіге қараған түні Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияда жойқын жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, екі елде қаза тапқандар саны 500-ге жуықтаған. Мыңдаған адам жарақат алды.