АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлады Ақорда.
Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты.
Жақын арада Түркия үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады.
Еске салсақ, дүйсенбіге қараған түні Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияда жойқын жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, екі елде қаза тапқандар саны 500-ге жуықтаған. Мыңдаған адам жарақат алды.