АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Отын-энергетика кешенін дамыту аясында тауарлық газ өндіруді (+25,5%) және республиканы газдандыру қарқынын (2029 жылы 63,4%-ға дейін) ұлғайту жоспарланып отыр.
Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Болат Ақшолақовтың айтуынша, мұнай-газ-химия өнімін (6,6 есе), көмір өндіруді (+3%) ұлғайту және экономиканың энергия сыйымдылығын (5%-ға дейін) төмендету жөніндегі шаралар қарастырылған.
"Электр энергетикасына қатысты бірқатар қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа өндіруші қуаттарды енгізу жоспарлануда, бұл қосымша 11,7 ГВт энергия береді, сондай-ақ жаңартылатын көздерден алынатын электр энергиясын өндірудің жалпы көлемдегі үлесін 12,5%-ға ұлғайтуға, электр желілерінің тозу деңгейін 47%-ға дейін төмендетуге, республиканың бірыңғай энергия жүйесін құру жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.
Мұнай-газ-химия өнеркәсібінде ірі жобаларды, оның ішінде полиэтилен (жылына 1,250 млн тонна), бутадиен (319 мың тонна), полипропилен ( 80 мың тонна) және т. б. шығаратын зауыттарды іске қосу көзделген.
Бұл ретте Теңізде, Қашаған және Қарашығанақта өндірістік қуаттарды кеңейту, сондай-ақ жаңа перспективті жобаларды әзірлеу есебінен мұнай өндіру деңгейін арттыру жоспарланып отыр.