Дәстүрлі әншілердің өзі ұлттық өнерді дәріптеуде енжарлық танытады – қолөнер шебері

Sputnik
АЛМАТЫ, 1 ақпан – Sputnik. Алматыда ағаштан түйін түйіп, темірден ою оятын қолөнер шебері тұрады. Оның таптырмас туындысының бірі – қоссаз аспабы. Өнер туындысының тарихы мен қазіргі қолданысы туралы Алтынбек Құмаров Sputnik Қазақстанға айтып берді.
Алтынбек Мұхаметрахымұлы қоссаз аспабын жасауды ең алғаш 80 жылы қолға алған
Алтынбек Мұхаметрахымұлы қоссаз аспабын жасауды ең алғаш 80 жылы қолға алған. Содан бері аттай 43 жыл өтті. Шебердің негізгі мамандығы – суретші, КСРО суретшілер одағының мүшесі.
"Намыс жібермейді екен. Ол заманда қазақта өнер болмаған, қазақта тарих болмаған деген кертартпа пікір белең алған заман еді. Содан намысқа тырысып, ұлттық аспаптарды жасауды бастадым. Ол заманда қоссаз тұрмақ домбыра да жоқ еді. Жүрегі қазақ деп соққан үлкен азаматтардан сұрастырып жүріп, 1975 жылы бастадым жұмысымды. Ешқандай қағазға жазбай-ақ, дәлелдемей-ақ домбыра жасадым. Ал 1980-ші жылдан бастап қоссазды жасай бастадым", - дейді Алтынбек Құмаров.
Ол заманда қазаққа қатысты қағазға жазылған мәселе май шаммен қаралатын еді, дейді шебер. Ұлттың төл өнерін паш етемін деп, "ұлтшыл" деген атаққа ілініп кете жаздаған Алтынбек Құмаров ағаш жонуын тоқтатпаған. Бірақ, темірден түйін түйген шебердің "әттеген-айы" жоқ емес.
"Жасауын жасап жатырмын, "алыңыздар, осы аспапта ойнаңыздар" деп музыканттарға да айтып жатырмын. Қазіргі жастар бірақ жалқау. Олар өзімнің балаларым, бауырларым. Жамандауға да тілім бармайды. Өзім академияда сабақ беремін, жастарда үйренейін деген ниет жоқ, өкінішке қарай", - дейді шебер.
Алтынбек Құмаров "ұлтшыл" деген атаққа ілініп кете жаздаса да ағаш жонуын тоқтатпаған
Қоссазға керекті қара ағаш, қызыл ағашты шебер өзі сатып алады. Барлық қажетті заттарға қаражат қалтасынан шығады.
"Өзімнің жүрегім қалаған затты жасау үшін үкіметке қарап алақан жаймаймын ғой. Менің заттарым тұрмақ өнер академиясының студенттеріне де осындай бұйымдар жасауға материал бөлінбейді", - дейді Алтынбек Мұхаметрахымұлы.
Алтынбек Мұхаметрахымұлы – суретші, КСРО суретшілер одағының мүшесі
Қазіргі күні дәстүрлі өнерден эстрадаға жаппай бет бұрған жұлдыздар ұлттық аспаптарға жүре қарайды. Шебердің айтуынша, тіпті дәстүрлі әншілердің өзі ұлттық өнерді дәріптеуде енжарлық танытады.
"Егер осы қоссазда ойнаймын деп өтініш жасаса, қанша аспап болсын жасауға дайынмын. Қаншама өнер адамына тегін жасап берген кезім де болды. Өкінішке қарай ұлттың қоссаз аспабы жабу астында тұр", - дейді шебер.
Дастан Ахмеди – қоссаздың құлағында ойнайтын күйші. Ол қосмойынды домбырада 88-ші жылдардан бері ойнап келеді.
"Бұл жәй домбыра сияқты құлағын бұрай салып, ішегін қаға жөнелетін аспап емес. Бұның бабы бар, бабы мен нақышына келтірсе бұл өте керемет аспап. Бұл аспапты өнерге оқытатын білім ошақтарының бағдарламасына кіргізу керек. Алайда теориясы болу керек, оқу жоспарына кіргізу керек. Бұның бәрі көп қаражатты керек етеді", - дейді Дастан Ахмеди.
Күйшінің айтуынша, қоссазға қолдау керек.
"Осы аспапты әлі де халыққа жеткізе алмай жатырмыз. Әлемді айтпай-ақ қояйық, қазақтың өз концерттеріне шығара алмай жатырмыз. Министрлік осыған қолдау көрсету керек. Жақсы аспап керек, аспаптың қабы болу керек, ал ондай болу үшін қаражат керек. Мұндай аспапты жүздеп жасау керек. Қазір бұл аспапты тек клиптерге ғана қосады. Не болмаса анда-санда бір шертіп қана сахнада тұрады. Бұл – қасиетті аспап, олай жеңіл қарауға болмайды", - дейді Дастан Ахмеди.
Дастан Ахмеди – қоссаздың құлағында ойнайтын күйші.
Қоссаз ұлттық аспабына ғалымдар "баба домбыра" деп атаған. 1973 жылы Бидайық асар қалашығынан табылған ағаш бұйымның қосмойынды немесе қоссаз домбыра екені анықталған. Бұл құнды жәдігерді 1973 жылы С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық экспедициясы тапқан болатын. Бірақ Ресей археологтары бөлшектеліп табылған домбыраны музыкалық аспап ретінде қарастырмаған көрінеді. Осы іссапарға барған белгілі археолог, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті археология және этнография орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев ағаш фрагменттерін біріктіріп, домбыраның қаңқасын шығарған.
Дәстүрлі өнерден эстрадаға жаппай бет бұрған жұлдыздар ұлттық аспаптарға жүре қарайды, дейді шебер
Оның көшірмесі бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология залында тұр. Шебер ұста Бекзат Жақыпов қоссаздың көшірмесін жасаған. Ғалым мен шебердің бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде құнды жәдігер екінші рет өмірге келді. Қосмойынды немесе қоссаз домбыра – әлемдегі ең көне аспаптардың бірі. Ол – қосмойынды, төрт құлақты. Құлағын бұрауына қарай қос мойыннан қос саз әуелейді. Қосмойынды домбыраның тарихын зерттеген археологтар оның тарихы домбырадан үш ғасыр бұрын басталғанын айтады. Қоссазды "баба домбыра" деп атаған.
Бұл туралы Әзілхан Тәжекеевтің жазған ғылыми мақаласына норвегиялық ғалымдар да қызығушылық танытып, өз зерттеулеріне қосқан.