АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Ақтөбе – Баку рейсін орындаған ұшақ Атырау әуежайына шұғыл қонды, деп хабарлайды Qazaq Air әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Бортында 37 жолаушы отырған әуе кемесі 5 ақпан Астана уақытымен 19:21-де (Атырау уақытымен 18:21) қонды.
"Ұшақтың қонуына жолаушының жағдайы себеп болған. Қан кетуіне байланысты әйелге шұғыл медициналық көмек қажет болды. Экипаж алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, жақын әуежайға қону туралы шешім қабылдады", - деді компаниядағылар.
Ұшақ қонғаннан кейін жолаушыны жедел жәрдем алып кетті, қазір әйелдің жағдайы тұрақты.
Бортта дәрігер-кардиолог Гүлшан Мәмедова болған, ол жолаушыға алғашқы көмек көрсетті. Экипаж дәрігерге алғыс айтты.