АСТАНА, 5 ақпан – Sputnik. Павлодарда пайдалануға берілгеніне 40 жылдан асқан теміржол вокзалы қайта жаңғыртылады.
Ғимарат қасбеті, күту және касса залдары, жолаушылар платформалары және басқа да нысандар жөндеуді қажет етеді. Павлодарлықтар күзден бері ақпараттық тақтаның жоқтығына шағымданып жатыр, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
"2023 жылдың ақпан айының соңына дейін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына вокзал пен оған іргелес аумақты реконструкциялаудың нақты жоспарын бекітуге ұсыну тапсырылды", - деп жазылған хабарламада.
Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын вокзал ғимараты 1981 жылы салынған. Соңғы күрделі жөндеу 2004-2005 жылдары жүргізілген.
Күн сайын облыс орталығынан тоғыз теміржол бағыты бойынша пойыздар аттанады, ал вокзалға 1 500-ден астам адам келеді және ондағы қызметті пайдаланады.
Өткен жылы жалпы жолаушы ағыны 570 мың адамнан асқан.