Ақтауда садақа жәшіктеріндегі ақша заңсыз діни қызметке жұмсалған

Sputnik
АСТАНА, 5 ақпан – Sputnik. Полицейлер Ақтау сауда орындарында қойылған қайырымдылық жәшіктерін тексерді.
Осындай жәшіктерден жиналған ақша заңсыз діни сабақтар өткізуге жұмсалғаны белгілі болды, деп хабарлады Маңғыстау облысының полиция департаменті.
"Осы тектес жәшіктерге жиналған қаражаттың заңсыз діни сабақтар өткізуге жұмсалғаны анықталды. Сондай-ақ деструктивті діни ағымды жақтаушылар "қайырымдылық жинау" арқылы террористік, экстремистік ұйымдарға қаржылай демеушілік жасағаны туралы деректер де бар", - деп хабарлайды полиция.
Маңғыстау облысының полиция департаменті заңсыз әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің 258-бабында жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, мешіттерде орналасқан арнайы қайырымдылық жәшіктеріне садақа жасауға кеңес берді.