Алматы және Жамбыл облыстарында құтқарушылар түнде 5 елді мекенді су басуына жол бермеді

Sputnik
АСТАНА, 5 ақпан – Sputnik. Алматы және Жамбыл облыстарында 200 құтқарушы мен әкімдік қызметкері түні бойы су тасқынына қарсы жұмыс жүргізіп, 5 елді мекенді су басып қалуының алдын алды.
Бұл жұмыстарға 45 техника жұмылдырылған.
"Қардың күрт еруінің нәтижесінде егістіктерден ағып келген суды бұру бойынша жедел жұмыс жүргізілді. Алдында су басқан аулалардағы суды сору жұмысы жалғастырылды", - деп хабарлады төтенше жағдай министрлігі.
Бір түнде қазылған су бұру каналдарының жалпы ұзындығы 18 мың метр, елді мекендер маңынан 16 мың текше метрден астам су сорылған.
Ал Түркістан облысында барлық тасқын су сорылып болған. Сырдария, Арыс және Бөген өзендерінде тәулік бойы жұмыс істейтін 14 су бекетінің жұмысы жалғасып жатыр.