АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. ЕАЭО елдерінің қуатты агроөнеркәсіптік базасы бар, бірақ олар өз артықшылықтарын жаңа логистикалық дәліздерді дамыту арқылы тиімдірек пайдалануы керек, деді РФ премьер-министрі Михаил Мишустин.
"Тағы бір маңызды бағыт – бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайту. Біздің елдерімізде өзімізді барлық қажетті ауыл шаруашылығы өнімімен қауіпсіз қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар азық-түлікті айтарлықтай көлемде экспорттауға мүмкіндік беретін қуатты агроөнеркәсіптік база бар. Сондықтан бұл артықшылығымызды тиімдірек пайдалану қажет екені анық", - деді Мишустин Алматыда өткен ЕАЭО үкіметаралық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында.
Ол Батыстың өз үстемдігін орнату әрекеттері азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларының күшеюіне және жеткізу тізбегінің бұзылуына әкеліп соққанын, бұл ең алдымен дамушы елдердің халқына әсер еткенін атап өтті.
Ресей премьер-министрінің айтуынша, ЕАЭО елдерінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне сыртқы сұраныс артып жатыр және Иран, Үндістан мен Біріккен Араб Әмірліктері басымды бағыттағы аймақтар болып отыр.
"Біз сондай-ақ Қытай бағытында тиімді логистиканы құру бойынша ынтымақтастық орнатуға дайынбыз", - деді Мишустин. Ол жақсы жұмыс істейтін логистикалық тізбектер агроөнеркәсіпті дамыту үшін ең тиімді ынталандыру екенін және азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосатынын айтты.
Сондай-ақ ол бір жыл бұрын ЕАЭО елдері іске қосқан "Еуразиялық агроэкспресс" жобасы тиімділігін көрсетіп, бір жылда 500 мың тоннадан астам агроөнеркәсіптік өнімді тасымалдағанын атап өтті.
"Шетелдік жеткізілімдердің жалпы көлемі 500 мың тоннадан асты, бұл жоспарланған межеден айтарлықтай көп. Бұл ет, сүт, май, көкөніс пен дақыл өнімдері", - деді премьер-министр.
Оның айтуынша, мамандандырылған рефрижераторлық контейнерлердің паркі жасақталып, бағдарлы пойыздар күн сайын жөнелтіледі. Ол Ресейдің жобаны "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізі елдеріне кеңейтуді қолдайтынын айтты.
"Еуразиялық агроэкспресс" жобасы одақтың ауыл шаруашылығы өнімдерін теміржол арқылы Азия және Еуропа мемлекеттеріне жылдам жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.