Енді ипотеканы бастапқы жарнасыз алуға болады

Sputnik
АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. Банк ЦентрКредит бастапқы жарнасыз ипотеканы іске қосты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Банктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, бастапқы жарнасыз ипотеканы алу үшін қосымша жылжымайтын мүлікті кепілге қою керек. Басқа біреудің атындағы пәтер немесе жеке үй де кепілзатқа қабылдана береді. Сосын үйдің локациясына шектеу жоқ. Мәселен, ипотека Астанадағы пәтерге рәсімделсе, кепілзатқа Қазақстанның басқа аймағындағы баспананы ұсынуға болады. Бірақ үйдің бағасы ипотека сомасының 20 процентінен кем болмауы керек.
Ипотеканың негізгі шарттары:
шекті сомасы – 100 миллион теңге;
мөлшерлемесі ипотеканың мерзіміне қарай есептеледі (10 жыл – 17%, 15 жыл – 18,5%).
Кез келген облыстағы жылжымайтын мүлікке ипотека рәсімдеуге болады. Жаңа үйге де, қолданыстағы үйге де кредит беріледі. Ал кепілзатқа бірқатар талап қойылып отыр. Атап айтқанда, кепілге қойылатын баспананың салынғанына 50 жылдан көп болмауы керек. Иесінің жасы 60-тан аспауы шарт.