АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. 2025 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ортақ қаржы нарығын құруды көздеп отыр. Бірақ бірыңғай валютаны енгізу мәселесі Еуразиялық экономикалық комиссияның қарауында тұрған жоқ, деп мәлімдеді ЕЭК Экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев. Бұл туралы Қазақстан үкіметінің сайты жазды.
Бақытжан Сағынтаев бірыңғай қаржы нарығының қалыптасуына байланысты ЕАЭО аумағында бірыңғай валюта енгізуге қатысты сұраққа жауап берді.
"Біздің барлық негізгі құжатымызда бұл мәселе жоқ. Біз тек қаржы нарығындағы заңнаманы үйлестіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Сол сияқты Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы аясында бірыңғай валютаны енгізу мәселесі қарастырылмаған", - деді ол.
Ортақ қаржы нарығы банк, биржа және сақтандыру салаларында біркелкі ережелерді қалыптастыруды білдіреді. Бұл жұмыс 2012 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия құрылғаннан бері жүргізіліп келеді.
"Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мәселесі одақтық келісімнен туындап отыр. Оған сәйкес біз 2025 жылға қарай ЕАЭО елдерінің ортақ қаржы нарығын құруымыз керек", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, аталған шешім аясында ұйымға мүше мемлекеттердің қаржы нарығындағы (банктер, бағалы қағаздар, сақтандыру нарығы) заңнамасын үйлестіру бойынша келісімдер қабылдануға тиіс. Сондай-ақ 2019 жылғы Еуразиялық экономикалық одақты құру тұжырымдамасы да қолданыста бар.
Келісімге сәйкес, 2025 жылға қарай Алматыда орналасатын ЕАЭО елдерінің ұлттықтан ведомстволардан жоғары қаржылық реттеушісі құрылуы керек.