Қазақстандықтар ақпанның алғашқы 10 күнінде ерекше жарық комета көре алады

Sputnik
ПЕТРОПАВЛ, 2 ақпан - Sputnik. Қазақстандықтар ақпанның алғашқы он күнінде аспан әлемінен ерекше көріністі көре алады.
С/2022 E3 (ZTF) кометасы туралы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Андрей Солодовник Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
"Ол негізгі көптен бері "қонақта жүр". Бірақ оның дәл бұлай жарық болатынын білген жоқпыз. Комета өте жарық, бірақ аз уақытқа ғана. Мұндай сирек құбылысты міндетті түрде көру керек", - дейді профессор.
Кометаның атауы да ерекше, өйткені былтыр наурыз айының басында аспанда кенеттен пайда болып, автоматтандырылған іздеу жүйесімен анықталғандықтан осылай аталған.
"Егер бұл кометаны адам ашса, онда оның тегі аспан денесінің атында мәңгі қалар еді. Комета Жердің айналасына Оорт кометалық бұлты деп аталатын Күн жүйесінің алыс шетінен келді. Ол Күнге (перигелион) 12 қаңтарда барынша жақындаған", - деді астроном.
Кометаның орбиталық қозғалысының ерекшелігі (комета планеталық орбита жазықтығына перпендикуляр ұшады) кометаның жерге жақындауына ықпал еткен. Физика заңы бойынша кез-келген нысан бізге неғұрлым жақын болса, соғұрлым жарық көрінеді.
"1 ақпанға қараған түні комета жерден шамамен 42 миллион шақырым қашықтықта жүріп өтті. Яғни, оны ашық аспанда тұманды дақ түрінде ғана көруге болады. Ал бинокль немесе телескоп арқылы анығырақ көре аласыз.Цифрлық камераға түсіріп алуға да болады", - дейді Андрей Солодовник.
Мұндай ерекше көрініс шамамен 10 күнге созылады. Комета шоқжұлдыздан шоқжұлдызға ауысқанда жарқырауы бәсеңдейді.

Аспанда кометаны қалай табуға болады

Ғалым қазақстандықтарға координаттар берді. 3 ақпанға қараған түні С/2022 E3 (ZTF) кометасы Жерге жақындайды. Оның жарығы біртіндеп күшейе түседі.
"5 және 6 ақпанға қараған түні сәл күңгірттенген комета капеллаға (Альфа арбашы) жақын болады, сондықтан бинокльді осы жұлдызға бағыттау арқылы біз аспандағы кезбені міндетті түрде байқаймыз. Капелла - сары түсті аспандағы ең жарық жұлдыздардың бірі. Бұл түні комета тіпті қарапайым көзге де көрінуі мүмкін", - дейді профессор.
Аспан кезбесі күннен күнге жарқырай түседі.
"Бірақ ең қызықты, әрі әсерлі сәттер 10-11 ақпанда болады. Бұл күндері комета Марс планетасына өте жақын өтеді. Әдемі суреттер түсіруге таптырмас мүмкіндік. Ал 13-16 ақпанда кометаның Жер маңындағы сапарының соңғы сәттері болмақ", - деп кеңес береді астроном.
Жалпы, биыл аспан денелері айтарлықтай жарық болмайды. Сондықтан Андрей Солодовник көктегі саяхатшымен ерекше кездесуді жіберіп алмауға кеңес береді.