АСТАНА, 2 ақпан — Sputnik. Үкімет басшысының орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев парламенттің қос палатасына жыл сайын 6,5 миллиард теңге жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда парламент екі палатадан тұрады. Жоғары палата - сенат, төменгі палата - мәжіліс.
"Мәжіліс пен сенат депутаттарына қарастырылған қаражат республикалық бюджеттің баптарында көрсетілген. Бұл - ашық ақпарат. 2023 жылға парламенттің екі палатасын қаржыландыруға 6,5 миллиард теңге бөлінген. Оның ішіне жалақы, іссапарға баратын қаражат, іссапардағы күніне төленетін ақша, ұшақ билетінің құны кіреді", - деді Жамаубаев сенатта өткен брифингте.
Айта кетері, сенатта 50 депутат, ал мәжілісте 107 депутат бар. Жақында президент төменгі палатаны таратып жіберді. Келесі айда мәжіліс сайлауы өтеді.