Қоғам

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап не өзгереді

Sputnik
АСТАНА, 1 ақпан – Sputnik. Теңгедегі депозиттерге өтемақы алуға өтініш беру, жастарға арналған ипотекалық бағдарлама, Ресей мен Қазақстан арасындағы рейстердің ұлғаюы, жанар-жағармайды елден шығаруға тыйым – ақпан айында осы және өзге де өзгерістер күшіне енеді. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

10%-тік өтемақыға өтініш қабылдау тоқтатылады

10 ақпанда теңгедегі депозиттер бойынша өтемақы алуға өтініш беру аяқталады. Сол себепті әлі өтініш беріп үлгермеген депозиторлар өтемақы алу бойынша келісімін растай алады.
Өтінішті банк бөлімшелерінде немесе мобильді қосымша арқылы онлайн беруге болады. 10%-тік өтемақы 2022 жылғы 23 ақпанға дейін ашылған депозиттерге ғана төленеді. Олар: жинақ, мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ білім беру жинақтау салымдары мен тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі депозиттер.
2023 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша салымшылардан 304,4 млрд теңгеге өтініш қабылданған.
Банктер өтемақыны биыл 23 ақпаннан кейін төлей бастайды.

Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну мерзімі аяқталады

Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну 20 қаңтарда басталған болатын. 8 ақпанда бұл науқан аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады.
Енді парламенттің төменгі палатасы 98 депутаттан тұрады. 69 депутат партиялық тізімдер бойынша, ал 29 депутат бір мандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады.
Мәжіліс депутаттығына кандидаттар мына талаптарға сай болуы шарт:
Қазақстан азаматы болуы;
соңғы он жылда Қазақстан аумағында тұруы;
кем дегенде 25 жаста болуы керек.
Айта кетері, сайлауға түсетін кандидаттар 1 млн теңге сайлау жарнасын төлейді.
Осы жолы партиялық тізімдер бойынша мәжіліс сайлауына республикада тіркелген барлық 7 партия да қатысады.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.

Халықаралық рейстер

Қазақстандық "Qazaq Air" әуе компаниясы 13 ақпаннан бастап Астана – Челябинск бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін іске қосады.
Рейстер аптасына 3 рет орындалады. Жолаушыларды De – Havilland Dash 8-Q400 әуе кемесі тасымалдайды.
Сондай-ақ ресейлік "Аэрофлот" әуе компаниясы 1 ақпаннан бастап Қазақстан қалаларына тұрақты рейстерді қайта ашады. Жолаушылар Airbus A320 ұшағымен Астана, Алматы және Атырау қалаларына ұша алады.

"Атырау жастары" бағдарламасы

Бүгін, бірінші ақпанда "Атырау жастары" бағдарламасы бойынша өтініш беру басталады. Құжаттар 20 ақпанға дейін қабылданады.
Бағдарламаға Атырау өңірінің 18-35 жас аралығындағы жас мамандары қатысады.
Шарттары: бастапқы жарна – 10%; несие мөлшерлемесі – 5%; қарыз 19 жылға беріледі.
Атырау қаласы бойынша қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, ал аудандар бойынша 13 млн теңгені құрайды.
Жастар баспана кезегінде тұруға міндетті емес, бірақ соңғы бес жылда өзінде және отбасы мүшелерінің атында үй болмауы керек.
Өтінім қалалық және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінде қабылданады.

Субсидиялауға өтінім қабылданады

1 ақпанда фермерлерден субсидиялаудың негізгі түрлері бойынша өтінім қабылдау басталады.
Өтінімді субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі – gosagro.kz порталы арқылы онлайн беруге болады. Жүйе толығымен автоматтандырылған және ақысыз негізде қызмет көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ақпараттық жүйенің арқасында фермерлер субсидия алудың орындылығын растау үшін қосымша анықтамалар ұсыну қажеттілігінен арылады. Өйткені қажетті ақпарат басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, соның ішінде жер учаскелері, ауыл шаруашылығы жануарлары, техника және арнайы көлік жөніндегі деректермен, кооператив мүшелері туралы мәліметтермен, сондай-ақ "алқаптар картасымен" біріктірілген.

Жанар-жағармай бойынша тыйым

Енді тағы жарты жыл жанар-жағармайды автокөлікпен елден шығаруға болмайды. Тиісті бұйрық күшіне енді.
Құжатқа сәйкес, Қазақстаннан автокөлікпен бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынады.
Бұған дейін жанар-жағармай шығаруға салынған тыйым 2022 жылғы 12 шілдеде енгізілген болатын. Бұл шектеу тағы жарты жылға – 2023 жылғы 1 тамызына дейін ұзартылып отыр.