АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар бойы үшінші жылу электр орталығын пайдалануға бере алмай жатқан Астана әкімдігін сынады.
Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында президент елорданың инженерлік инфрақұрылымына тоқталды. Айтуынша, бұл бағытта белгілі бір проблемалар бар.
"Атап айтқанда, әкімдік ЖЭО-3-ті он жылдан астам уақыт бойы пайдалануға бере алмай келеді. Жобаны тапсыру мерзімі бірнеше рет ауысты, бұл жобаның 50 миллиард теңгеге қымбаттауына әкеп соқты. Бұл мәселе 2019 жылы көтерілген еді, бірақ нысанның дайындығы сол күйі 83%-ті ғана құрайды", - деді Тоқаев.
Ол осының салдарынан Астана жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отырғанын айтты. Бүгінде бұл тапшылық 300 гигакалориядан асқан.
Президент үкіметке әкімдікпен бірлесіп осы жылдың соңына дейін ЖЭО-3-тің бірінші кезегін іске қосып, екі газ қазандығының құрылысын аяқтауды тапсырды.
"ЖЭО-3 екінші кезегінің мерзімі мен қаржыландыру көздерін де анықтаған жөн", - деді мемлекет басшысы.