АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Талдықорғанда алаяқтық жасады деп айыпталған жатақхана комендантына қатысты тергеу шаралары аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Нұрахымовтың айтуынша, қазіргі кезде 18 адам жәбірленуші ретінде танылды. Олардың басым бөлігі – студенттер.
"Шығынның жалпы көлемі 16 млн теңгеден асып отыр. Жақын арада барлық материалды сотқа жіберу үшін дайындаймыз", - дейді Нұрахымов.
Айта кетері, былтыр қазан айында Талдықорғанда жатақхана коменданты ұсталып, қалалық полицияға айғақ беру үшін жеткізілген болатын. Ол кезде зардап шеккен 10 студент пен 2 жатақхана қызметкері болған. Ал жалпы шығын 14,7 млн теңге болды.
41 жастағы комендант алдымен науқас ұлын желеу етіп көмек сұраған. Студенттерге екінші деңгейлі бірнеше банктен алаяқтық жолмен тауарлық кредит алдырған. Ал өз қызметкерлеріне – интернет-қосымшаларды пайдалана отырып, ақшалай кредиттер ресімдеткен.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалды. Бас кезінде күдікті айғақтар беруден бас тартты. Сосын денсаулығының күрт нашарлауына байланысты ауруханаға жатып алған.