"Шөлдалағы" сарбаздың өлімі: адвокаттың мәлімдемесінен кейін тергеу қайта басталды

Sputnik
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Әскери прокуратура Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасында болған сарбаздың суициді бойынша тергеуді қайта бастауға шешім қабылдады.
Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сұхбат берген адвокат Сержан Пірәлиев мәлімдеді. Пірәлиевтің өзі осы іс бойынша күдікті деп танылған застава командирін қорғайды. Бұған дейін адвокат тергеу шараларымен келіспей, марқұмның аяқкиімінде және аузында өзге адамдардың биоматериалы анықталғанын мәлімдеген болатын.
Бірақ қорғап жатқан күдіктінің ДНҚ-сы болмады. Ішкі істер министрлігі оны этиканы бұзғаны үшін айыптады, ал қорғаныс министрлігі шекара қызметінің басқа мемлекеттік органға бағынатынын мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, 18 жастағы сарбаз Бекбол Мираштың суициді бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары аяқталған, қолына тиісті қаулы да тиген. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен. Ал Пірәлиев тергеу шаралары біржақты жүргізілді деп санайды. Себебі өтініштер мен дәлелдер кері қайтарылып отырды. Содан адвокат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қылмыстық іске кірмеген фактілерді жариялауға мәжбүр болды.
"Енді тергеуші қаулы шығарып, тергеу шараларына қайта кірісті. Бұған дейін тергеуші барлық әскери қызметшілерді ДНК-тексерістен өткізу туралы өтінішті кері қайтарған. Ал Оңтүстік өңірлік әскери прокуратурасы ол қаулының күшін жойды. Қазір тергеуді қайта бастап, сот-медициналық сараптама жүргізіледі. Шекара бөлімінің барлық әскери қызметшісі геномдық тексерістен өтеді", - деді Пірәлиев Sputnik Қазақстанға тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, осыдан кейін тергеу органдары барлық факті мен дәлелді тексеруге міндеттеледі. Оңтүстік әскери өңірдің прокуроры осы істі жеке бақылауына алды. Ертең Пірәлиевке 78 әскери қызметшіге қатысты қосымша геномдық сараптама өткізу туралы прокурордың қаулысы табысталады. Олардың барлығы Бекбол Мираштың суициді кезінде шекара заставасында болған.
"Тергеу шараларына қатысты мәлімдемеден кейін тергеу қайта басталды. 200 пайызға сенімдімін, мен айтқан фактілер тексеріледі. Осының бәрін айтпасам, олар тергеуді қайта бастамайтын еді. Істі аяқтап, бізді 20 томмен таныстырып қойған. Қазір ол іс сотта жататын еді. Ал біздің сот - прокурорлардың "нотариусы", оны жақсы білесіздер. Мен өтінішімді 200 рет берсем де, қосымша сараптамаға рұқсат бермейтін еді", - деп атап көрсетті Пірәлиев.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, бас прокуратурадан екі бірдей хат келді. Онда қадағалаушы орган тарапынан қолға алынған шаралар көрсетілген. Алайда бұған дейін қысқа ғана жауаптар болды. Пірәлиев қайта басталған тергеуден не күтетінін де айтты.

"Қазір қылмыстық іс мүлдем басқа ракурста қаралады. Менің өтінішім қабылданды. Марқұмның киіміндегі ДНК кімге тиесілі екенін тапсын. Олардан жауап алсын. Маған керегі осы", - дейді адвокат.

Сондай-ақ, Сержан Пірәлиев ішкі істер министрлігінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Адвокатты қылмыстық іс материалдарын жариялап, этиканы бұзғаны үшін айыптады. Әділет министрлігіне оған қатысты қызметтік тексеріс жүргізу туралы хат та жолданды.
"Қазіргі кезде Астана қаласының адвокаттар алқасына менің әрекеттерімде адвокаттық этиканы бұзудың бар-жоғын тексеру туралы ұсыныс енгізілді. Тексеріс жүргізіліп жатыр. Қанша жүретінін айта алмаймын. Соның нәтижесі бойынша шешім шығарылады. Комиссияға адвокаттар, бұрынғы судьялар мен әділет департаментінің өкілдері кіреді", - деп атап көрсетті Пірәлиев.
Сарбаздың суициді: қорғаныс министрлігі қылмыстық іске қатысты мәлімдеме жасады