Елорда тынысы

Президент астаналықтарды мәдениетті болуға шақырды

Sputnik
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте президент қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениетіне ерекше тоқталды.
"Астананың тазалығы, ең алдымен, оның тұрғындарына байланысты. Зәулім үйлердің ішіндегі және сыртындағы жағдай мәз емес. Шындығын айтсақ, тұрғындар тұрмыстық тәртіпті жиі бұзады, қоқысты қалай болса солай лақтыра береді. Жастар көшеде жүргенде мәдениетсіз қылықтарға жол береді. Сондықтан осы мәселеге арнайы назар аударғым келеді", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, елорданы және басқа негізгі қалаларды дұрыс қалпында сақтау бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды мәселе.
"Көшпенділердің ұрпақтары өз қалаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлдем жоққа шығаруымыз керек", - деп атап көрсетті президент.
Сондай-ақ, Тоқаев қала аумағында және оның маңайында 50 жерге қоқыс заңсыз төгілгенін де айтты. Ол жерлер әлі күнге дейін тазаланбай жатыр.
Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері экология министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені дереу шешуі керек.
Елорда тынысы
Астана әкімдігі құрылыс қарқынын біртіндеп төмендетуді ұсынды - президент не дейді