Елорда тынысы

LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады – Тоқаев

Sputnik
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімдігіне LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырды.
Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында президент қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін қозғады.
"LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ", - дейді Тоқаев.
Сондай-ақ ол қала ішінде адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма бергенін мәлімдеді.
"Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр. Тіпті, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы бес жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті", - деді мемлекет басшысы.

Көлік кептелісі жайлы

Бұдан бөлек, президент Астананың көлік жүйесін дамыту мәселесіне де тоқталды.
Айтуынша, автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналған. Бұл, тіпті, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр.
"Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар, кіші айналма жолдың құрылысы созылып кетті. Оның үстіне, жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда жол мәселесі толыққанды ескерілмей жатыр. Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр. Сондықтан, мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет", - деп тапсырды Тоқаев.
Сондай-ақ ол қала жолдарының жай-күйі де мәз емес екенін атап өтті. Мысалы, кейбір көшелер жыл сайын жөнделеді. Бірақ көктем шыққанда жолдың сапасы сын көтермейді.
"Ал, кейбірі мүлдем қараусыз қалған. Бұл – жол салу және жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді деген сөз. Бұл мәселені үкімет мен әкімдік арнайы қарауы керек. Қажет болса, мердігерлерді ауыстыруға тиіс", - деді ол.
Тоқаев әкімдікке үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды.