АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Үкіметтің кезекті отырысында кәсіпкерлік қызметті "таза парақтан" реттеуді іске асыру барысы қаралды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов бизнеске әкімшілік жүктемені барынша азайту мақсатында кәсіпкерлік қызметті реттеудің 44 саласына жан-жақты талдау жасалғанын атап өтті. Нәтижесінде жаңа реттеуші саясаттың шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талап анықталды.
"Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Міндетті талаптар реестрі құрылды. Оны біз қажет кезде қайтадан қарап, реттеп отыратын боламыз. Бұл жерде "Атамекен" палатасы белсенді рөл атқаруға тиіс. Яғни, орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі", - деді премьер үкімет отырысында.
Сондай-ақ мемлекеттік бақылау жүйесінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. 35 салада бұл жұмыс аяқталды. Ол кәсіпкерлерді негізсіз тексерістерден қорғауға мүмкіндік береді.
"Жалпы "таза парақтан" реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан осы бағытта бірлескен жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз. Үкімет бизнестің сындарлы ұсыныстарын қолдауға қашанда дайын. Бизнестің тұрақты да табысты қызметіне бірінші кезекте мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкерлер осыны сезінуі керек", - деп мәлімдеді Смайылов.
Оның айтуынша, атқарылған жұмыстар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 %-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте Смайылов бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақытылы қабылдануын тапсырды. Жақын арада парламентке тиісті заңнамалық актілер пакеті енгізіледі.
Сонымен қатар жаңа нормаларды биыл 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізу мәселесі қарастырылады. Премьердің сөзінше, бұл бизнеске шамадан тыс жүктемені биылдан бастап азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса ол кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Мемлекеттік органдар оны бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқтауға тиіс.
Мемлекеттік қолдауға ие болғысы келгендерді іріктеу рәсімдерін автоматтандыру жалғасады. Бұл жұмыс ашық әрі тиімді жүргізілуге тиіс.
"Мемлекеттік қолдауға ие болғандар соның қайтарымын жасайды деп үміттенеміз. Яғни, мемлекеттік қолдау шаралары бизнестің табысын ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құру және тұрақты жалақы мәселесін де шешуі керек", - деді үкімет басшысы.
Смайылов әкімдіктер мен мүдделі орталық мемлекеттік органдарға жаңа бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.