Астанада 8 жасар қызды итеріп жіберген мұғалім жұмыстан шығарылды

Sputnik
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Астанада 2-сынып оқушысын итеріп жіберген дене шынықтыру мұғалімі жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Astana TV арнасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде видеосы тараған оқиға № 27 мектеп-лицейінде болған. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 8 жастағы қызды қолымен итеріп қана қоймай, жекіп сөйлеген. Оқушының әкесі бірден шағым түсірді.
Астана қалалық білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізді. Мұғалімнің педагогикалық этиканы бұзғаны расталды. Осыған байланысты ер адамға қатаң сөгіс жарияланды. Мектептің 2023 жылғы 30 қаңтардағы №19 жұмыстан босату туралы бұйрығына сәйкес, дене шынықтыру мұғалімі жұмыстан шығарылды.
Қазіргі кезде осы оқиға бойынша полиция тексеріс жүргізіп жатыр. Оқушы сот-медициналық сараптамадан өтеді.