Елорда тынысы

Астана әкімдігі құрылыс қарқынын біртіндеп төмендетуді ұсынды - президент не дейді

Sputnik
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Астанада құрылыс қарқыны бәсеңдегенде 30 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
Президенттің айтуынша, тұрғын үй құрылысы саласында көптеген мәселе қордаланып қалды.
"Инженерлік инфрақұрылымның жоқтығына байланысты әкімдік тұрғын үй құрылысының қарқынын кезең-кезеңімен төмендетуді ұсынып отыр. Бұл ретте елордада бала туу деңгейі жоғары, көші-қон ағыны көп. Құрылыс қарқыны бәсеңдегенде 30 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Мұндай проблемаларды болдырмау үшін қаланың дамуын жүйелі жоспарлау қажет", - деді мемлекет басшысы.

Ол елорда қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керектігін атап өтті.
"Салынып жатқан барлық нысан заманауи энергия үнемдейтін технологияларды қолдануы керек", - деді президент.
Мемлекет басшысы қозғаған тағы бір маңызды мәселе - көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы. Ол аулада көлік толып тұрғандықтан, жұрт балаларын сыртқа шығарудан қорқатынын айтты.
"Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жалпы ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек. Әйтпесе, осындай келеңсіз жағдайлар жалғаса береді. Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ Министрліктер үйінің маңында автотұрақ тапшы. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түседі. Тіпті, көліктерін жақын жердегі үйлердің ауласына қоюға мәжбүр болады. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны түсінікті", - деді ол.
Президент қай жерге паркинг салуға болатынын да айтып берді.
"Бас прокуратура және Жусан банкі ғимаратының ортасында бос жер бар. Жоғарғы Сот ғимаратының артындағы алаң да бос жатыр. Әкімдікке осы екі жердің біріне көп қабатты жабық паркинг және жаяу адам өтетін көпір салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырамын", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, президент қаланың келбетін сақтауға назар аудару қажеттігін айтты. Сөзінше, салынып жатқан кейбір ғимарат бір-бірімен мүлде үйлеспейді. Астанада әлемнің ең үздік сәулет үлгілері қолданылуы керек.
"Бұған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленді. Бірақ бұл құжат қағаз жүзінде ғана қалды. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп. "Артем" және "Тұлпар" сауда орталықтарының маңын да ретке келтіру керек. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс", - деді президент.