Елорда тынысы

Елордада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салынады

Sputnik
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
2022 жылдың жылдың қорытындысы бойынша Астанада бағаның қымбаттауы 23 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
"Астанада азық-түлік бір жылда орта есеппен 25 пайызға қымбаттады. Әкімдік тұрақтандыру қорында резерв жинауды қойып, "айналым схемасы" аясында сауда желілеріне жеңілдікпен займ беруге көшті. 14 миллиард теңге бөлінді. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қабылданып жатқан шаралардың тиімсіз екені анық. Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, бірақ жұмыс орындалмады", - дейді Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында.
Айтуынша, Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінген азық-түлік импорты 3 есеге артты.
"Негізінен осы жерде шығаруға болатын өнімдер туралы сөз болып отыр. Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап отыр. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек", - деді мемлекет басшысы.
Президент ауыл шаруашылығы министрлігіне Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.