АЛМАТЫ, 31 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда алимент төлеуден қашып жүрген адамдардың қарызы 14 млрд теңгеге жетті, деп хабарлады "Хабар 24".
16 мың қазақстандықтың елден шығуына тыйым салынған, екі мыңнан астам адамға іздеу жарияланды. Олардың арасында әйелдер де бар. Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда барлығы 80 мыңнан астам алимент алушы бар. Солардың бірі – Әлия Сүлейменова.
"Бала жаңа телефон немесе басқа заттар алғысы келетін кездер болады. Осындай сәттерде "ұлым, алты ай күтейік, бір жылдан кейін, келесі жылы, содан кейін" деп үнемі уәде берумен келемін. Ол маған: "анашым, неге әкемнен алимент алмайсың, менде мұндай қиындық болмас еді ғой" деп балам ренжіп жатады", - дейді Әлия Сүлейменова.
Сот орындаушылардың өндірісінде алиментке қатысты 305 мыңға жуық іс жатыр. Қазіргі күні алимент төлемеуден алдына жан салмай тұрған – Астана және Алматы қаласы.
Алиментті аз төлеу үшін еңбекақысын 70 мың деп көрсететіндер өте көп. Өзге айларда 500 мыңнан еңбекақы алғандар дәл алимент төлейтін кезде бірден айына 60-70 мың теңге алатын болып шыға келеді, дейді мамандар. Баласына алимент төлемеу үшін мүлкі мен бизнесін басқа адамға жазатындар да көп. Мұндай шешімі қиын алимент мәселесін сот орындаушылар да алғысы келмейтін көрінеді.
Заң тіпті жұмыссыздарды да алимент төлеуге міндеттейді. Сонымен қатар борышкерге қылмыстық іс қозғау үшін үш ай ғана ақша аудармау жеткілікті.
"Ең жақсы жағдайда ол қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін, ең ауыры, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өткен жылы ғана алимент төлемеген жүзден астам қазақстандық сот арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартылды", - дейді Астана қаласы бойынша жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы Саламат Әділбекұлы.